Емсіз ем

Адам ағзасы

Құдайдың бізге уақытша жалға берген жан баспанасы, он екі мүшесі— құрал сайманы, жүрегі қозғалтушы моторы.

Салауатты өмір салты дегенде ойымызға ең бірінші жарға ілінген СПИД пен есірткі, алкогольге қарсы қорқынышты үгіт-қағаздар елестейді. Ауыл, қаланың құзырлы мамандары осынау жағымсыз насихат пен үрейлендіру арқылы халықты салауаттылыққа баулитынына сенімді.

Біреу ерте, біреу кеш кетіп, осындағы ешқайсымыз да бұ дүниеде мәңгі тұрақтап қалмаймыз. Тұқымы жайылғыр, Сатыбалды айтпақшы, түбінде өлетініміз анық болса да, Құдайдың өлшеп берген өмірін салауатты сүргенге не жетсін.

Бұрынғыдай су тегін  медицина жоқ, шалқалап жатып зыр жүгіртетін медбикелер Лета өзеніне ағып кеткелі пәлен жылдың жүзі болды. Алайда бас аурып, балтыр сыздамай біз де етпен теріден жаралғанымызды естен шығарып ала беретініміз бар. Әл дәрменіміз бітіп, өлуге келгенде дәрігердің табалдырығын тоздырып, жүйеге лағынет айтып жатамыз.

Дегенмен, салауатты өмір салты бүкіл әлем медицинасы мойындаған ауырмаудың,  ұзақ және сапалы өмір сүрудің бірден-бір жолы. Салауатты өмір сүрген бір адам өле қалса, оны басқалары іліп әкетіп, «Әне көрдіңдер ме? Күтінген Спортқали да өліп қалды, ажал айла таптырмайды!» — деп өзінің әрі қарай арақты ішіп, темекіні жеп, жарнамасы жақсы қоқыспен тамақтануына сылтау тапқандай жаны жай табады.

Он жерден, Алла өлшеп берсе де, статистика бойынша, өмір ұзақтығы ағзасына немқұрайды қарағайтындарда анағұрлым қысқа.  Оны мойындамасқа болмайды. Бірақ сасық менталитетіміз бар ғой, өз тәнін күтетіндерге тіксініп қарайтыны бар.  Содан да көбі ұялады. «О, заман да бұ заман отызға кеп белсебет теуіп жүрген нес, мәшинесі жоқ па?» деген өсек сөзден қорқады. «уйебааай, анау кемпір таңертең тұрып музыкаға билеп жүр, оған не жоқ, қасқааа» – деп боғын жеп отыратындар да бар.

Былшылды қойып нақты ақпаратқа көшейін.

БАСТАУ

Салауатты өмір салты деген не өзі? Ол өкпең тесілгенде темекіні қойып, бауырың ірігенде арақты қойып, инфаркт алған соң жылына бір витаминді шырын ішіп тұру емес. Егер Құдай салған бір күні сопайып дәрігерге жалынып, төсек тартып, жұртқа уайым, өзіңе азап болып, күнің бір уыс дәріге қарап қалсын демесең, жастайыңнан, немесе ауру сәл қылаң бере бастағанда, өзіңді қолға алып, тәніңді сыйлай баста.  Салауатты өмір салтының көп қағидалары бар, олардың сүйенетін үш тағаны бар. Тамақ, ұйқы, қозғалыс.

ТАМАҚ

Барынша жұғымды, таза, табиғи өнімдермен тамақтанып, желінген көмірсу, май, канцероген, холестериннің көлемін таразымен өлшеп отырмасаң да көзбен мөлшерлеп шектеу қой. Ол 40-50 ден бастап емес, басыңа ми бітіп, ес кіргеннен басталуы керек. Қуаң далада мал бағып, ет жеп өскен, ал көкөніс пен жемістерге көп мән бермейді. Бекер-ақ.  Жануар майы тап сол зиянды холестериннің қайнар көзі. Шалдарымыз инстинктивті түрде май жегісі келмеген балаға «Иттің ішіне май жақпайды» асап қой!» – деп жастайынан жүрекке тиетін майды асатып өсіреді. Кейін майды кесектеп асап жіберу ерлердің үрдісіне айналады.

Ас есебінде кезектестіріп астық тұқымдастарды, жүгері, арпа, сұлы, күріш, ас бұршақ, балық етін, жұмыртқаның ақуызын (сарыуызында холестерол көп болады), барынша көп көкөніс жеп тұруды әдетке айналдырған жөн.

Бидай ұнының тағамдарын да өлшеп жемесе болмайды. Дегенмен қомағайлығыңыз болса, бірден қатаң диетаға отырмаған жақсы. Өйткені қатаң диетадан сіз бәрібір ертелі кеш жеңілесіз. Сонда Құдайыңыз беріп, томағаңыз сыпырылғанда, бұрыңғыдан да көп тамақ ішіп есіресіз де, бар еңбегіңізді бірер күнде иттің көтіне қыстырып қоя бересіз.

ҰЙҚЫ

Кеш жатып, ерте тұрған жақсы, ұйқыңды өлген соң қандырасың деген пікірмен өмір сүрсеңіз ұзақ өмір сүре қоймайсыз. Ұйқы кезінде ағзаңыз өзін өзі «тех-тексерістен» өткізіп кетік-тетіктерді үлгіргенінше қалпына келтіруге тырысады.Тәуліктеп қаңғырып, күн-түні ұйқтамай,  «Ұйқының жөні осы екен» деп артыңнан су шыққанша жата берудің пайдасы шамалы. Бірақ уақытылы ұйқтап, 7-8 сағаттан соң уақытылы оянуға немқұрайды қарамаңыз.

ҚОЗҒАЛЫС

Қозғалыс деген бес жыл шынашаққа күш салмай, бір аптаның ішінде толағай тауды қопарып тастауға тырысу емес. Бір орында тапжылмай отырып, тұрғанда сүйегіңді күштеп сықырлату, беліңді майыстырып патырлатып, өтірік массаж жасап рахаттану емес. Мұның бәрі пайдасынан зияны көп боққа тұрғысыз қозғалыстар.

Ептеп, бір мезгілде, бір уақытта күнде немесе күнара денені орташа жаттығумен әурелендіру.

Сегіз дүркін олимпиада чемпионы болуды сізге ешкім міндеттемейді. Бірақ амплитудасы кең жаттығулар, кешкі серуен, таңғы жүгіру сияқты қарапайым қозғалыс сізге сергектікті ғана емес, уақыт өте келе жақсы көңіл күйі мен, мықты денсаулықты сыйлайды. Ағзаға жағымды жүктеме салып, аптаның бірнше күнін дене шынықтыруға бөлсеңіз, бұл Құдайдың жалға берген құрал-саймандарын күтіп ұстағандық. Ағза немқұрайдылықты кешірмейді.

Соңғы сөз

Егер тірлігіңіз уақытша, немесе «тасқа таяқ тақалғанда» ғана орындалатын жүйесіз шара болса, бұдан ештеңе шықпайды. Себебі аты айтып тұрғандай, салауатты өмір салты сіздің бүкіл ғұмырыңызға үрдіс болуы керек. Жүйесіз жасалған әрекетіңіздің нәтижесі де сенімсіз. Өзіңді әлденеден құр қалдым деп емес, керісінше процесстен ләззат алатындай тұрақты әуестігіңізге айналса игі.

Құдай деніңізге саулық, санаңызға салауат салғай!

Published by Gastarbaiter

andabratstvo@mail.ru

11 thoughts on “Емсіз ем

  1. Бұрынғы қазақ көкеніс жемесе де, ет пен сүт тағамдарымен ақ денсаулығы мықты болған, жеген еті құнарлы болған. Даланың пайдалы шөбін жеп өскен малдың етінде витамин болған. Ал қазіргі бір айда бордақылап шығарған қой етінде қайдан пайдалы зат болсын.
    Көкеністі көбірек жеу керек шынымен

    Ұнады

  2. Казир елімізде журек, кан-тамыр, онкологиялык аурулар коштің алдын бермей турганда актуальды дуние жазыпсын, Рахмет!

    Ұнады

Пікір қалдыру