Четвергандрей фон-Марковик : “Ақтөс” феномені

(Болмаған оқиға желісімен)

Жексенбі күні. Ескі мәдениет үйінің залында ине шаншар орын жоқ. Кент әкімі Антуан Шәріп кенттегі барлық мекемелердің бастықтарына бүгін өткізілетін ашық кездесуге түр-түс, ұлт-дініне қарамай белсенді азаматтарды осында жинап әкелуді тапсырған болатын.

Ресми жиналыстан шаршаған халыққа бұл іс-шараның алдағы ешбір сайлауға, партия саясатына қатысы жоқ, ешқандай үгіт-насихат акциясы емес екендігін жеткізуді бұйырды.

Кент халқы да қарап жатпай, бастықтарының бір ауыз сөзін жерге тастамады. Белсенділік танытты. Үйінде аш қалған баласы жылап, “тойып” алған күйеуі қақсап отырса да мектеп мұғалімдері мен медицина қызметкерлері бір ауыздан қалмай келді.

Тіпті кейбіреулері жылдар бойы қалыптасқан шартты рефлекс жетегінде ертерек келіп алып, мәдениет үйінің есік алдын сыпырып, жан жағына таң атысымен 100 терек, 20 қарағаш отырғызып та қойды. “89-шы Қалмақ орта мектебінің директоры муғалімдерінен 3000 теңге взнос жинапты” — дегенді естіген кенттің бас-дәрігері дәрігерлер мен аяжандарға 4000 теңгеден жинатқызды. “Мұғалімдерден кембіз бе? Ақ халатты абзал жандығымыз қайда?” – деді.

Бұл жиынға Кентсәбез, Кентпошта, “Кент Тазалығы” ЖШС-сы, “Кент жарығы” ЖШС сияқты мекемелерден де белсенділер келді.

Кенттің беделді саяси газеті “Дәр Таңы” мен балаларға арналған “Өшкен Өркен” журналының редакциясы да орын жетпей қалғанына қарамастан, төрт көзі түгел боп есік аузында тұр екен.

— Мен алдымда тұрған жарты сағаттық баяндамамды оқып сендерді зеріктірмей ақ қояйын!” – деп бастады кент әкімі. Ду қол шапалақ.

— Бірден іске көшейін. Қазір әрбір мекеме бастығы шығып биылдыққа не жасағанын баяндау керек еді, бірақ ол да қағаз жүзіндегі бос әңгімеге ұласып кетеді! – деп тағы да қойып қалды. Тағы да ду қол шапалақ.

Биылғы жабайы иттерді атуға берген ақшаны жеп қойған Четвергандрей тіпті қуаныштан екі саусағын аузына салып ысқырып та жіберді.

“Жалпы жағдай жаман емес екенін өздерің де білесіңдер ғой. Күнде көріп жүрсіңдер. Тек мына орталық базарда соғылып жатқан ойын-сауық отауына ешкім қымбатсынып бармайды екен. Соны ертеңнен бастап, мемлекеттік қызметкерлерге 5 пайыз шегерім жасалатынын хабарлағым келген. Осымен жиналысты доғара салайық қайта қойыңдар!” – деді.

Тыныштық.

Залға жиналған қауым бір сәт тырп-етпей тұра қалды. “Кент әкімінің мына айтып тұрғаны қалжың ба?” – дегендей бір-біріне қарасып, көздері бақырайып кетті.

Антуан аса мейірімділікті білдіретін ишарат жасап, риясыз күлкісімен халық жүрегін жаулап алатын өнері бар еді. Бірақ, орыс президенттерінің мақамында, дереу езуін жинап алды да:

“Біреуіңнің үйіңде бала жылап жатыр, біреуің малдың шөп-суын берулерің керек, енді біреулерің “Денистің” – 97-шы сериясын қиып, осында келдіңдер. Өзім де қарап тұрам сол киноны. Жалпы бір сөзімді екі етпей келгендеріңе ризамын! Айтарымды айттым, енді қайта беріңдер!” – деді.

Артқы қатарда телефонына үңіліп әлдене теріп тұрған оқушылар тыпыр-тыпыр есікке қарай беттеді. Бірақ Орталық Базардың бастығы, танымал кәсіпкер Зухра Ван-Дер-Мани ханым орнынан тұрып микрофон сұрады.

— Құрметті Кенттестер! Әкімімздің бізге жасап отырған мейірімі деп түсініңдер бұны! Әр қайсыларыңның жағдайларыңды ойлап уақыттарыңды алмай қайтарып отыр -деді. Халық қайта бұрылып, назарын Базаркомға бұрды.

— Антуан аға, рахмет сізге шын жүректен. Осындай әдемі кентте тұрып жатқанымыз сіздің арқаңыз. – деп микрофонды іліп ала жөнелді атақты арызқой көгалдандырушы Ақмырза Шиньон.

— Біздің бүйтіп бұрылып кете қалғанымыз жөн емес, тым болмаса сыйластық танытып жарты сағат отыруымыз керек! – деді Кенттік Ішкі Істер бөлімінің бастығы Мағауя Галадзе.

— Біздің кентімізде осыдан бес жыл бұрын ғана қорғанудың не екенін ешкім білмейтін. Антуан ағамыздың әділ де көреген саясатының арқасында 5-мың оқушыға тегін мүшеқап таратылып, тегін ақпараттық іс-шаралар мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Соның нәтижесінде, ауылдағы кездейсоқ жүктілік пен жыныстық жолмен таралатын індеттердің біразына тосқауыл қойылды! – Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі бойынша жауапты Сәлима Фунакоши да әдейі жаттап келген абзацын мәнерлеп айтып берді.

Сол-ақ екен, барлық бөлімдердің бастықтары бірінен соң бірі ауызша баяндама жасап, кенттегі жайды халыққа жеткізіп әлек болды.

Халықтан ара тұра шыққан наразы сұрақтардың барлығына тиісті мекеме бастықтары жылдар бойы қалыптасқан үздік оқушының мәнерімен сартылдап тұрып жауап бергенде, халықтың басым бөлігінде “Осы адамда арман бітпейді, бұдан басқа не керек бізге?” – деп өздерін әкім алдында қарыздар сезінген ой қалыптасты.

Бір кезде кенттегі жалғыз бомж болғандықтан сол беті “Бомж аға” атанып кеткен шал тұрып, “Сұрағым бар!” – деді

Антуан алақанымен “тынышталыңдар!” -деген белгі берді.

— Мастұр Бабаның заманында кентімізде бірен-саран ғана жабайы ит бар еді. Ал бүгінде жылы жерге жата қояйын десең, қаңғыбас иттерден босамайды, олардың көбейіп кеткенін қалай түсіндіресің? Оларды жүгендейтін адам бар ма? – Бомж аға жасы 25-те болғанымен, көрген-көсегені қауға сақал талай қартыңнан артық болатын.

Антуан Шәріп “Өте орынды сұрақ! Тап сол мәселе бойынша бізде қазір күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр, қазір сізге егжей тегжейін осындағы жабайы иттерге жауапты Четвергандрей айтып берсін!- деп сытылып шықты.

Тым жақсы басталған оқиға тап осындай бағытта өрбитінін күтпеген Четвергандрейдің жүрегі көмейіне тығылып, аузына келген бірінші сөзді айта салды.

— Иттердің көбеюі бұл жақсы ырым! – деді де тілін өкініштен тістеп қалды. Халыққа күлімдеп қойып, отырған Антуан Шәріп “осыдан бүлдір бірдеңені!” – дегендей Четвергандрейге бір көзін алартып қарады.

— Кхм-кхм… Ия. Айтқанымдай. Бұл жақсы ырым. Бұл жақсы ырым. Ия. Антуан Шәріп кентбасының арқасы” – деп қойып қалды.

Халық арасында гүбір көбейіп. Әр жерден мырсылдаған сықақты күлкі дыбыстары шықты.

— Кентбасы кентіміздің иттерін көбейтіп жүр демекпісің! -деді бір кезде Бомж аға.

Залда біреу күлкісін жасырмай, шықылықтап жатты.

Четвергандрей тығырықтан шығудың сан-түрлі әдістерін ойша парақтап, уақыт созып тұрды. Антуан фон-Марковикке енді бір көзін емес, екі көзін бірдей алартып қызыл көрген бұқадай қадала қарады.

Четвергандрей сәл кідірді де, ойына бірдеңе түсіп кеткендей селк етті…

— Біздің кентімізде иттердің күрт көбейіп кетуі, биылғы жылы халқымыздың жағдайының күрт өсуінен болды. Бұрын далада қалған иттер жейтін қалдық таппай жартысы аштан қырылатын. Ал қазір Антуан Шәріптің әділ де көреген саясатының арқасында халықтың экономикалық ахуалы көтерілгені соншалық, даладағы қоқыс пен тамақ қалдықтары көбейді. Мәселен, біз бұрын колбасаны қабығымен жейтінбіз. Қазір қабығын Ақтөске береміз. Тіпті байқасаңыз, иттермен қатар көгершіндер де көбейіп кеткен. Бұл да Антуан ағамыздың арқасында ұлтына, тегіне, түріне, отрядына, класына қарамастан сүтқоректілерден бастап бунақденелілерге дейін барлық мақұлық кентімізде бейбіт, қауіпсіз өмір сүру бақытына ие болды деген сөз. Антуан аға ісіңізге сәттілік, жүз жыл жасап, жүз жыл кентіміздің басында тек өзіңіз болыңыз демекпін. — деді.

Осындай тираданы өзінен күтпеген Четвергандрей фон-Марковик тіпті өз айтқанына өзі сеніп, жүрегінде әкіміне деген бір ерекше адал сезім оянды.

Үнсіз тұрған зал біресе Антуанға, біресе Четвергандрейге, біресе Бомжға кезек-кезек қарап тұрды. Антуан аузын қисайтып жымиған бойда, Зал овациядан жарылып кете жаздады.

Несін айтайын жиналыс әдеттегідей 3 сағатқа созылды.

Туралы Gastarbaiter
andabratstvo@mail.ru

2 Responses to Четвергандрей фон-Марковик : “Ақтөс” феномені

  1. Тәржіман says:

    мына суреттегіңіз ақтөс ит емес қой бірақ )))

    Ұнады

  2. Өлтіріпсіз.

    Ұнады

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: