Біреу сөзіңді сөйлесе…

Перизат Мырзахметтің төмендегі жүрегінен шыққан жазбасымен біреуің келісерсің, біреуің келіспессің.
Бірақ шындығы сол, өз басым осындай сапалы сын мен жазбаға өте жоғары баға бердім. Және өздеріңмен бөліспеуді сараңдық көрдім.
Бұл жазбаны неғұрлым көп адам оқуы керек деп білемін.
Атың шықпаса кино түсір…

Қазақ киносы. Алғашқы атау сөйлемнің-ақ бір-бірлеріне мүлде кереғар жүздеген әсер тудырғанына күмәнім жоқ.

«Үмбетімнің кейбір мәселелерде әр түрлі көзқараста болуы – рахымдылық» деген екен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Қоғам өміріне қандай да бір қатысы бар кез келген мәселенің қилы пікір, оқшау ойлар, сан түрлі көзқарасқа негіз болғаны ләзім. Алайда ойбезбен мен сөзкөкпарға салынатын нысанның табиғатын танып алу, кемшілігі мен артықшылығын таразылаудан бастау бас қатырған мәселені салқынқандылықпен шешуге көмектесер еді. Біздің талқымызға жем болған бұл тақырып бұған дейін де талай таразыға түсіп, сан електен өтіп жүрген дүние. Аузын ауыртып, сиясын тауысуға ерінбеген алуан түрлі адамды бейжай қалдырмаған нысана.

Түсінетіні бар, түйсінбейтіні бар, ұғатыны мен ұқпайтыны бар – барлығы қазақ киносын талқылауда көрініп қалуға тырысты. Бірі ашына айғайлады, бірі салмақпен сараптады. Күңірене түңілгендер де, келешектің көгілдір көкжиегіне сеніммен қарағандар да кездесті. Не дегенмен қазақ киносы және оны жасаушылар соңғы жылдары бірде сүрлеуге, бірде соқпаққа түсіп жүр.

Белгілі жазушы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай: «Қазақ киносында екі проблема бар. Біреуі – Ермек Тұрсынов. Екіншісі – Еркін Рақышев. Біріншісіндегі мәселе – көрерменде, екіншісіндегі мәселе – режиссерде» деген болатын. Бұл жерде бар мәселе аты аталған екі режиссерге тіреліп тұрған жоқ. Жалпы қазақ киносының қазіргі даулы дәуіріне басты себеп – киноны жасаушылар мен киноны тұтынушылардың, яғни көрермендердің арасындағы байланыстың болмауында. Шықты деп сыбыс тарап, көк базарда «қарақшылардың» қолынан дискісін алып көргеннен бастап көрерменнің ыстық ықыласын жаулап алатын туындылар кинотанушылар мен сыншылардың өткір найзасына ілінеді. Ал киномамандар мақтаған, әлемдік деңгейде марапатталған дүниелер көпшілік қарапайым халықтың қаһарына ұшырайды. Неге?

Осы бір риторикалық сұраққа жауап іздеу барысында біз соңғы жылдары қазақ экранына шығып ерекше есте қалған фильмдерді талдап көруге тырыстық. Аты аталатын жұмыстар көрген жұртты жайбарақат қалдырмаған – ащы сынға да ұшырады, абыройлы атаққа да ие болды.

Киношолуды қазақ кинотарихындағы бюджеті ең бай (34 млн. $) фильм «Көшпенділерден» бастасақ. Режиссері Иван Пассер мен Сергей Бодров. Продюсерлері Милош Форман, Рэм Бергман, Павел Дувидзон, Рустам Ибрагимбеков. Сценарий авторы Рустам Ибрагимбеков. Басты рөлдерде Джей Хернандес, Дилназ Ахмадиева, Куно Бекер, Марк Дакаскос. Операторлар Юли Стейгер мен Дэн Лаустсен. Композиторы Карло Силиотто. Тізіп өткен есімдердің арасынан бір қазақ есімін таппайсыз. Қазақ халқының тарихындағы маңызды кезеңдердің бірін суреттеуді қаны мен жаны басқаларға бағындырып қою үлкен қателік еді. Қаншама қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті десе де болады. «Көшпенділер» — қазақ табиғатына үш түгіл отыз қайнаса сорпасы қосылмайтын дүбәра. Қай қырынан алсаң да бір қайнауы ішінде қалған шикі. Сол себепті де көргені көп, түйгені мол мамандарға да, экраннан көргеннің бет қаймағына ғана тоятын қарапайым көрерменге де қырын келді. Жүректен шықпаған нәрсе жүрекке жетпейді екен.

«Қарой». Жанна Исабаеваның трагикомедиясы. 2007 жылы «Asia Pacific Screen Awards» атты азиялық беделді киножүлденің «Үздік режиссер» номинациясына ілігіп, Венециандық кинофестивальге қатысушы атанған фильм қазақы көрерменнің ашуын алқымына тіреді. Киногерлер мен орыс тілді аудитория бір ауыздан мақтаған фильмде адамзаттың барлық кемшіліктерін бойына бір өзі жинаған жас жігіт туралы сыр шертіледі. Оқиға орны – үйлері жапырайған, халқы тозған қазақ ауылы. Бас кейіпкеріміз – жалақор, өтірікші, арсыз, зорлықшыл азғын. Бірақ біраз жерді аралап үйіне жеткенде кәдімгі жанашыр, қамқор балаға айналады. Режиссураны түсінбеген қатардағы көрермен мұндай жиынтық образды ойбайлап, аттандап қарсы алды. Ал шынына келетін болсақ бас қаһарманның бойындағы жаман қасиеттер кез келген ұлт өкілінде кездеседі. Адам табиғаты тек ұлтына байланысты емес. Алайда тірліктің тізесінен қалжыраған халыққа әсіре реализмнен гөрі өз қиялдарындағы романтикалық бейнелер мен оқиғаларды көрген, тамашалаған жеңілірек, жайлырақ.

Жанна Исабаеваның кезекті шулы картинасы — «Ойпырмай или дорогие мои дети». Мюзиклдың элементтері бар комедиядан қазақтың тұрмыс-тіршілігімен, мінез-құлқымен, қасиеттерімен шала таныс адамның білгені жетіспеген тұстарды қиялымен толықтыруын ғана көре аласыз. Жатып ішер жалқаулықпен семіріп кеткен кенже ұлын үйлендіру үшін ақша іздеп қаладағы ұл-қыздарының үйін аралауға келген кейуананың басынан өткендерін суреттеу арқылы қазақ халқының кейбір жаман қасиеттерін гипербола тәсілімен жеткізгісі келген. Жалпы алғанда талпыныс жақсы, алайда кейбір сәттері олақ жапсырылған жамаудай оғаш көрініп тұр.

Токионың Халықаралық “Сакура Гран-при” кинофестивалінде Ресей-Қазақстан бірлесіп түсірген “Қызғалдақ” (Тюльпан) фильмі Бас жүлде алып, қазылар алқасының төрағасы Джон Войт оны “теңдессіз көркемдік жетістік” деп сипаттады. Режиссері және сценарий авторы Сергей Дворцевой. Теңіз флотында әскери борышын өтеп келген жас жігіт туған ауылына келіп мал бағып, алыс жерде жүріп қиялдаған арманына жету үшін әрекет етуге тырысады. Отандық және шетелдік кинобілгірлерден жоғары баға алғанына қарамастан халықтың қатты наразылығын тудыруының басты себебі — керемет натурализммен суреттелген көріністер. Бір кездері әдебиетте пайда болып, бірақ ешқандай да бір эстетикалық ләззат бермегендіктен әдебиет сыншыларының қаһарына ұшырап кеткен натурализм бағыты киномотографияда да қарапайым халықтың қолдауын таппады.

«- Қалай, қалай? — Алақандағыдай…» деген диалог арқылы халық арасында кеңінен танымал болып кеткен «Жаралы сезім» әуесқой режиссер Еркін Рақышевтың туындысы. Мұрнына кино өнерінің иісі баратын көрермен атаулы «кино емес, келемеж» деп «тәжін» кигізіп қойса да, қарапайым халық «Жаралы сезімді» хитке айналдырды. Екі ғашықтың басынан өткен қиындықтарын әңгімелейтін олақ сценарий, шала режиссура, әлсіз актерлер жиынтығы — «Жаралы сезім» кемшіліктерінің бір тобы ғана. Үнді фильмдеріне ұсқынсыз пародия жасаған киноның қазақтың қамын жейтін жері шамалы, мүлде жоқ. Дегенмен өңсіз актерлердің орындауындағы сүмірейген қаһармандар халықтың ыстық ықыласына бөленді.

«Жаралы сезімнің» «жетістігі» «Жетімдер» фильміне ұласты. Басты рөлдерді сомдаған екі жеткіншектің көз жастары арқылы орта статистикалық көрерменнің сентиментін оятқан Еркін Рақышев тағы бір көзі соқыр, аяғы ақсақ, құлағы саңырау мүгедек туындыны дүниеге әкелді. Басты кейіпкер Аружан – Меруерт Қасымбектің шынайы балаң сезімдері ғана сүйсіндірмесе, кино аяқталғанша апай-топай шала-шарпы іске асырылған дүние ішіңізді ауыртады. Ата-анасынан айрылып талай ауыртпалық көрген екі жетімнің тағдыры арқылы жылатпақ болған режиссер сапасыз жұмысымен жылатты.

Ермек Тұрсыновтың «Келін» картинасы – нағыз дау төркіні Дайрабайдың сиыры. Авторлық картинаны көпшілікке арналған кино ету жолындағы режиссердің жарнама акциялары өз нәтижесін берді деген осы. Бірде орынды, бірде орынсыз даулардан кейін «Келінді» көрмеген қазақ кем де кем. Арт хаус жанрында түсірілген фильм талай маманның таңдайын қақтырды да, киноның көп қырын түсіне бермейтін қарапайым халықтың төбе шашын тік тұрғызды. Халықаралық фестивальдерге арналып түсірілген небір «қияли» картиналар қанша уақыттан бері елеусіз келді, ал «Келін» Ермек Тұрсыновтың шебер ұйымдастырған жарнама шараларынан кейін кеңінен танымал хитке айналды.

Кассалық жинаудан қазақстандық рекорд көрсеткен «Рэкетир» — қазақ киномотографиясындағы тың серпіліс. Ақан Сатаевтың режиссерлігімен іске асқан криминалдық драма мамандардың мақтауына, халықтың сүйіспеншілігіне ие. Режиссерлік шешім, актерлік шеберлік, тамаша монтаж, ойластырылған сценарий – барлығы өз жемісін берді деуге әбден лайық. Кеңестік дәуір келмеске кеткенде абдырап қалған адамдардың тіршілік қамымен айналысқан түрлерін көрсетеді. Он екі мүшесі түгел кино көрерменін де тапты, мақтауға да ілікті.

Режиссер Ақан Сатаевтың фильмотекасындағы тағы бір жақсы жұмыс — «Адасқандар» мистикалық триллері. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатсақ та «анау тұңғыш, мынау тұңғыш» деп үйреніп қалған әдетімізбен «тұңғыш триллер» деп айдар таққан «Адасқандар» жүрген ізі мен сүрген өмірі күмән тудыратын жігіттің отбасынан мистикалық жағдайда айрылып қалуын суретейді. Кез келген адамның өзге түгіл өзіне айтып, мойындай алмайтын сыры болады дегісі келеді. Сюжеттік желісі тартымды, үрейіңмен арпалысып отырып уақыттың қалайша зыр еткенін білмей де қаласың. Триллерді киносыншылар да, көрермендер де феномен ретінде қабылдап, лайықты бағасын берді.

Міне, осылайша аталып өткен фильмдер соңғы жылдары жауын құрттай қаптаған сан түрлі сападағы жұмыстардың ішінен іріктеліп алынды. Таңдауға ілігуіне қоғамға қалдырған жақсы-жаман әсерлері себеп. Кез келген көрерменнен «Қазақстандық қандай киноларды білесің?» деп сұраса, осы жоғары аталған картиналарды атап береді. Саусақпен санауға жетерлік киноларымызды біріктірген бір ғана нәрсе – басынан арылмаған даулары. Олар қоғамға әсер етті, резонанс тудырды, яғни тоқырап жатқан тұсқа жан бітірді. Ұлы эволюция заңы бойынша даму осылайша іске аспақ.

Кеңестік кеңістікте қазақ киносының дәуірі жүріп тұрды. Оған бірінші себеп – батыстан келген бәсекенің болмауы, екінші себеп – қанша цензураға сүзіліп жатса да қазаққа тән астарлы сөз, ым-ишараның арқасында өтіп кетіп жүрген ұлттық идея болатын. Бірінші себептің ақыры одақтың есік-терезесі айқара ашылып, шығатындар шығып, кіретіндер кіріп кеткеннен бастап келді. Батыстан келген ақпараттық басқыншылар өзіміздің өнімнің «апторитатын» күл-талқан етті. Оған төтеп берер күш қалмады, өйткені «байтал түгіл бас қайғы» деп кеткен едік. Екінші себеп идеяны емес, қалтаны қалыңдатуды көздеген өліара кезеңде өліп кетті. Біз қарастырған, қарастырмаған тәуелсіз Қазақстан киноларының мазмұнында марқұм ұлттық идеяның елесі де жоқ. Ал миллиондаған кадрлары цензураның қайшысымен қырқылып тасталған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Көксерек» және тағы басқа бірқатар киноларымызда ұлттық идея айғайлап тұрмаса да айқын боп тұратын. Қазіргі ұлттық мінез, ұлттық нақыштан айрылған өңсіздердің жанында олар төрт аяғын тең басқан, берері мол ғажайып туындылар еді. Әлі күнге дейін солай болып келеді. Наурыз мерекесі, Тәуелсіздік күні ұлттық телеарналар қайталап қойған сайын көріп, барынша беретін эстетикалық ләззатына қанбай отырасың. Бәз біреулер айтады: «Өнер ол өнер, оны идеологияға айналдырмаңдар» дейді. Алайда жаһанданудың жалмауызы аяусыз жұтып жатқанда өзін өзі сақтау сияқты табиғи түйсік оянады екен. Жаратушы иеміз «Сақтанғанды сақтаймын» дейді емес пе? Жапон халқында Акира Курасава деген кино өнерінің майталманы болған. Ол жасаған фильмдердің сапасы, көлемі, көркемдігі, оқиғасы да ғажап. Жапон тағдыры, жапон әлемі атой салып мен мұндалап тұрады. Сонымен бүкіл әлемге аты шықты. Сол Курасава: «Мен жапонға арнап кино түсірем, халқым түсінсе болды. Жапонның жанын түсінгісі келсе, фильмімізді көрсін, әнімізді тыңдасын» деп кеткен. Сол Кураса­ваның “Расемон” атты фильмі 1954 жылы Амери­када “Оскар” сыйлығын алғанда, екінші дүниежүзілік соғыстан жеңіліп жүні жығылған жапондардың езіліп қалған еңсесі бір күнде көтеріліп шыға келді. Бұл деген идеяның жұмыс істеуі. Қазақтың киномайталманы Мәжит Бегалин де осы ойды қайталап:“Мен фильмдi өзiмнiң қазақ көрермендерiм үшiн түсiрем. Ең әуелi менiң фильмiмдi өз елiм қабылдауы керек. Содан кейiн өзге елдер мойындасын” деген болатын. Әттең сол идея бізде жұмыс істемей тұр. Мемлекет құзырындағы кино түсірушілер қанша ақша құйылды, сол ақшаның орны толуы керек дейді де идеяны айналып өтеді. Шетелдің киножүлделерін аңдып, фестиваль жағалап кетеді.

Ресейдің киномэтрі Никита Михалков: «Оскар алғың келсе орысты жамандайтын кино түсір» деген еді бір сұхбатында. Сөзінің жаны бар. Халықаралық жүлделердің барлығы болмаса да көбі саяси астары бар сыйлықтар. Солардың назарына ілінемін деп жүргенде саясатының қарауылына ілініп кетуге болады. Мысалы, Болливуд киноларынан тамсана тамашалайтын, аңсай армандайтын Үндістанды қалқанқұлақ бір ұлдың тағдырын суреттеу арқылы күл-парша еткен «Миллионер из трущоб» фильмі Америкаға келіп қанжығасына 10 Оскарды байлап кетті. Ал өз халқы шеру жасап наразылық білдірді. Былтыр ғана кассалық жиын бойынша әлемдік рекордтарды жаңартқан «Аватар» картинасы ұсақ-түйек екі Оскарды қанағат тұтты. Бар жазығы – америка халқын басқыншы етіп көрсетуі. Ал керісінше америка әскерін құтқарушы етіп көрсеткен «Повелитель бури» жылдың ең үздік фильмі атанды. Осы мысалдардың барлығы Оскардың ойлағаны басқа екенін байқатпай ма?

Мемлекеттік мекеме басқа жұрттың мадақтауын жинап шетте жүрсе, елде отырған жекеменшік киностудиялар есепшотының тасын көбейтуді ойлайды. Өнімін өткізу үшін ойына келгенін істеп, санасы жеткенін қылады. «Әке қорлығы», «Қынсыз қанжар», «Көлеңке», «О, махаббат!» және тағы басқа қара құмырсқадай қаптаған «қоғамның қоқыс-қалдықтары» талғамы шайқалып тұрған көрерменді кейін тартып жатыр. Ойлау өрістерінің тарлығы ма, жоқ өмірді көру мүмкіндігі сондай ғана ма әйтеуір әуесқойдың барлығы криминалды драма түсіруге құмар. Ең оңай сценарий осы-ау шамасы. Бір жақсы бала, көп жаман ағатайлар, бір нашар үй, бір әдемі үй, бір түрме камерасы, бір аурухана болса болды, «шедевр» жасап шығарады. Ешқандай эстетикалық түйсік жоқ. Ал кино деген эстетикалық ләззат алу десек, қазір біздің көрермен эстетикалық у ішіп отыр.

«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегің-ақ келеді. Түзелген тұшымды дүние ұсына алмай отырмыз. Салауатты сынды еститін құлақ та жоқ. Бар айтар жауаптары: «Өзің кино түсіріп ал!». Шіркін-ай, Бұқар жырау Абылай ханға сын айтқанда, Абылай «Өзің билеп көр елді» деп пе екен? Айтылған сынға «құрал-жабдық жоқ, студия жоқ, қаржы аз» деген сылтаулар айтады. Бәріміз аузына қарайтын Американың ең үздік деп табылған фильмдері ешқандай атыс-шабыс, спецэффект, зәулім сарайларсыз-ақ түсірілген. Мысалы әлемдік киноның азулысы Стивен Спилберг түсірген «Терминал». Бір әуежайдың күту залында түсірілген жұмыс. Айналасы бес-алты актер. Қарапайым ғана оқиға. Ал қаншама әсер. Қаншама сезім. Қаншама ой. Пенделік қасиеттер, азаматтық позиция бір ғана Том Хенкстің бойынан табылып тұр. Алысып-жұлыспай, ешкімді құрбандыққа шалмай-ақ тартымды тұтас картина жасап шығарған. «Терминалды» аз деп жатсақ Мими Ледердің «Заплати другому» атты жұмысын қараңыз. Басты үш кейіпкер. Жас баланың өмірді, адамды сүюі. Өзінің шексіз махаббатының арқасында айналасындағы адамдарға баға жетпес көмек көрсеткен сәби жүрек. Қарапайым мектеп пен қатардағы үйдің арасында өрбіген сюжет. Миллиондар шығындап, жүйкелер тоздырудың қажеті жоқ. Жүректен шығарып жүрекке жеткізуге ұмтылу маңызды. Ол үшін өз идеяңа шынымен ғашық болуың керек. Ол үшін өз ұлтыңның идеясын жүрегіңе сіңдіре алуың керек.

Айтып айтпай не керек, үмітсіз шайтан. Жарқын болашағымызда ұлтын сүйген, таңын кино деп атырып, күнін кино деп батырған шын маманның жұлдызы жанар. Сол кезде әлемдік кинобәйгелерден қазақ киносының титрларын көрерміз. Тұтас бір дәуірді аттаймын деп омақаса құлап омыртқасын үзген кеңестік кезеңнің күйін кешпес үшін сабырмен іздеп, шыдамдылықпен күту керек сияқты. Американың кинотарихы ғасырларға созылып әбден өз сүрлеуін тапқан. Аттымен жарысам деп жаяудың таңы жыртылыпты деп олармен жарысымыз өзімізді тұтастай жоғалтуға әкеп соқпауын ойлаған абзал. Үйрене отырып жиреніп, қайталанбас із қалдыру қолымыздан келеді. Басқаның қаңсығына үңіліп отырған халқымызды отандық өніммен сусындатқан күні қазақ киносының миссиясы орындалады.

Сілтемесі: http://on.kz/u21213/blogpost/12167/

Published by Gastarbaiter

andabratstvo@mail.ru

10 thoughts on “Біреу сөзіңді сөйлесе…

  1. «Жаралы сезімдегі» «ағаш» актерлер әу дегеннен ақ тартпады, таныстарым қанша мақтаса да аяғына дейін шыдап қарай алмадым. Әсіресе «қыз зорлады» деген күдікпен жас жігітті үйіне іздеп келген полицей, «үйге келсе бізге келсін» деп есіктен қайтқаны естен тандырды. Қашаннан бері біздің қоғамның полицейлері соншама сенгіш және аңқау? осы бір эпизодтың өзі режиссердің деңгейін көрсетіп тұр. Қанша жамандаса да «Қарой» екеуінің арасы жер мен көктей.

    Ұнады

  2. Аталғандардан киноларын ұсақ-түйекке дейін мән беріп, түсірген Жанна Исабаеваның фильмдері ұнады. Актерлерді таңдағаны ұнады. Ақан Сатаевтың коммерциялық жобалары да мықты (құрығанда Қазақстанның деңгейінде, бірақ «қазақтар да кино түсіріп қояды екен ғой» деп ТМД елдерінде де таңдай қағып жатқан көрермендер бар екенін айта кету керек).
    Еркін Рақышевтің киноларын жұрттың көпшілігі көретінін мойындамасқа болмайды. Біздің (қазақтардың) көрермендік деңгейіміз, өреміз сондай шығар, кім біліпті.

    Ұнады

  3. Жақсы дүние. Турасын жазыпсың. Қазақ көрермендері әртүрлі екені рас. Алайда кеңес дәуірінде немесе шет ел киноматографиясының сапалы туындыларын көріп жаттыққан ағаларымыз бен киносүйер қауым азды көпті стилі, ойы бар дүниені түсінер ау. Ал боевик пен боевикке көп жақын фантастика, бандиттік драмалар (тағы да боевикке неғұрлым жақынырақ болғаны жақсы, айтпесе «мылжың» болады) көріп өскен жастар жағы енді қиындау. Мысалы, менің айналам «Жаралы сезім» «лирикалық драмасын» шын хитке сай ал кеп мақтасын. Алғашқы 10- минутында ак сондіре салғам. Мундай киноны мен де түсіре аламын. «Жетімдер» туралы да айтпағым сол.

    Ұнады

Leave a reply to Амангелді Жауап беруден бас тарту