Кірпіштер 1.4 – Алғашқы кірпіш

(Жалғасы. Басы мұнда)

Кірпіштің алғашқысы

Әрі вахтеріміз, әрі күзетшіміз Жора мені көріп мәз-мәйрам. Өзімнің дәл сол сәттегі түрімді елестетіп, қандай әсер тудыратынымды шамаладым: дымқыл шашым алба-жұлба, сұрқсыз көзілдірік, лас киім, батпақ жұғып, добалдай көрінген туфли.

« Мейлің, әйтеуір біреудің көңілін көтеріп, мәз қылдым ғой», – деп ойлай бергенде, Леха есіме түсіп кетті. Есімді бірден жинап алып, тіпті өзім күтпеген жерден бетіне былш еткіздім:

– Неменеңе жетісіп тұрсың, топас-ау?!

Жора аузы ыржиған күйі тұрып қалды. Біртіндеп езуі жиылып, көзінде таңырқау пайда болды. Жауабын күтпестен, Жора есін жиғанша, баспалдаққа қарай қасынан зыр етіп өте шықтым. Өз әрекетімнің салдарымен бетпе-бет кездесуге әлі дайын емес едім. Есін жиған Жора соңымнан « Әй, шірік, сен не!» дегенге ұқсас бірдеңе деп айқайлады, одан кейінгісін естімедім. Бәлкім Жора мені ұятқа шақырды ма, әлде басқа себеппен күліп тұрғанын түсіндіргісі келді ме. Кім білсін. Бірақ өз ойым, Жора маған барлық қолжетімді әдістермен оған тиісті құрмет көрсетпейінше, менің бұл әрекетім қабылданбайтындығын, яғни қарапайым тілмен айтқанда, менің таяқ жейтінімді жеткізгісі келген сияқты.

Ия, арнайы дайындықсыз жарты күн еркек болудың өзі оңай шаруа емес екен. Оның үстіне айтқан сөзіңе тірек болатын денсаулығың болмаса, тіпті қиын.

Фирмамыздың орналасқан жағына беттедім. Жоғарғы қабатқа көтеріліп, дәретханаға кірдім. Көзілдірігімді шешіп, киімімді тазартып, беті-қолымды жудым. Айнаға қарасам – сұр көзді, қысқа сары шашты кәдімгі жігіт. Маңдайында найзағайдай жарқылдаған тыртығы бар. Хе-хе, ойнап айтам. Маңдайымда да, башпайымда да тыртық түгілі жыртық та жоқ. Ешқашан болмаған да. Жігіт болып ешқашан төбелеспеппін. Кесіп, тіліп алатындай жазым болудан да Құдай сақтапты. Қысқасы, менің өмірлік дайындығымның ең маңызды бөлігі босқа өтті, жиырма жеті жаста өмірден кеткен есемді қайтару кеш еді. Әлде кеш емес пе екен?

Ал негізінде, менің өмірлік ұстанымым бойынша – барлық адамдар жақсы болатын. Жексұрындығын дәлелдемейінше. Егер біреу «жексұрындығын дәлелдесе», мен тағы да бұл жалғаннан түңіліп, мүсәпір күйге түсіп, өмірге құштарлығым жоғалатын. Сосын, ондай кісімен мүлде араласпай қоятынмын.

Терезенің алдына тұрып, темекімді тұтаттым. Қазан айының ылғалды таза ауасымен «Мальбороның» тәтті түтінін ішке тартып, тағы да Лёха екеуміздің әңгімемізді есіме алдым. Қызық екен, бірақ тап сол сәтте «бұл неғылған адам?», «неге менімен әңгімелесе кетті?», «неге маған қалай өмір сүру керегін үйретті?» деген сұрақтар мені мазаламады. Оның тұжырымдары дәлелдеуді қажет етпейтін еді. Расында да менің мына ит тірлігім қалай өмір сүруге болмайтындығының жарқын мысалы еді.

Ұстанымдарды өзгертетін кез келді. Бұдан былай, барлық адамдар мен үшін жексұрындар мен малдар. Жақсы екенін дәлелдемейінше.

***

Есіктің алдында кідіріп, иығымды жайып, еңсемді көтеріп бөлімге кірдім. Күртемді шешіп, өзімнің жұмыс орныма жақындадым. Мониторымның бетінде бұл-бұлдай сайрап «Кеміс» сөзі қалқып жүр екен. Қап, әкеңді. Осыдан бірер сағат бұрын мен бұл тірлікке мән бермес те едім, керісінше, бұндай «зілсіз әзілге» жағымпаздана күле салар едім. Бірақ қазір бұл дәстүрге мойынсынғым келмеді. Кабинетті көзбен бір шарпып өттім де жәймен ғана сұрадым:

– Бұны істеген кім? Менің мониторыма «Кеміс» деп жазған кім?

Ешкім елемеді. Лидаш, маған бір қарап, күңк етті, ал Панченко шіңкілдеген даусымен айқалап жіберді:

– Резвей! Жеттің-ау әйтеуір! Лидашқа шоколад әкелдің бе? Менің темекім ше? Соқырланып шатасып кеткен жоқсың ба-ей? Мен саған ақ «Мальбороға» тапсырыс бергем!

Жамағат тіріле бастады. Барлығы қызық көруге дайындалып тұр. Мониторлардың артынан күлкіден жарылуға дайын кескіндер көрінді. «Сайқы-мазақты тауыпсыңдар ғой?» – деп ішімнен қатуландым. – «Жарайд, қызықтың көкесін көрсетейін сендерге!». Ең бастысы ол дауыс, ал өз даусым жай шығатындықтан, ақырып сөйлеуге мәжбүрмін. Кеудеме мейілінше ауа толтырдым да, айқайға бастым:

– Саған, Панченко, шылым туралы емес, сынақ кезеңінен қалай өтетініңді ойлау керек! Стажер, енеңді ұрайын! Маркетингілік зерттеулерің қайда? Сен оны өткен аптада дайындауың керек еді ғой!

– Серега, жарайды енді, не болды саған?

– Серега? Атаңның басы саған Серега? Сергей Александрович де, аузыңды ұрайын!

Демім бітіп, сап тиылдым. Әрі қарай не айтарымды да білмедім. Ішіңе жиналған ашуды ақтара салу оңай. Дегенмен, әдейі боқтап, беталды балағаттай алмас едім.

Бөлменің іші тып-тыныш бола қалды. Әріптестер пернетақталарын тырсылдатуын тоқтатып, кеңседе компьютерлер гуілі ғана естілді. Тіпті торсықтай семіз копирайтер Левон Гараян да бутерброд шайнауын доғарып, аузы ашылып маған безірейіп тұр. Жамағаттың шектен тыс назары мені қайдағы бір Панченконың арзан талаптарынан да бетер қоздырып жіберді:

– Не безірейіп тұрсыңдар? Жұмысқа кірісіңдер!

Жоқ, ешкім жұмысқа кірісе қоймады. «Резвейдің несі өзгерді екен?» деп тұрғандай, барлығы маған бір жаңаша қызығушылықпен қараса бастады. Жанарларында қызыққұмарлық пен аздаған жайсыздық бар, жүздері сірескен. Осынау тыныштықты Панченконың шиқылдаған шыңғырығы бұзды:

– Ей, мынауың мас қой! Тыңқиып алған!

Әпсәтте бәрі жағдайды түсініскендей жымия кетіп, көңілдері орнына түсіп, бастарын шұлғи берді. Адамдар түсініксіз құбылыстардан қорқады, ал Резвейдің байбаламы бар болғаны мастығының кесірі. Е-е-е, солай де. Гараян қоректенуін жалғастырды. Мен қай тесікке кірерімді білмей, бетім қызарым, сілейген күйі тұрмын. Жағдайдың алдын алмағаным үшін іштей өзімді бір қарғап, орныма отырдым. «Дирол» оқиғаның бұлай дамуына жол бермес еді ғой. Панченко болса, өзінің жеңісіне масаттанып, әшкерелеуін одан әрі жалғастырды:

– Бәсе, «кімнен арақтың иісі мүңкіп тұр?» деп ойлап қоям, Бородаенконың комп сүртіп жүрген спирті шығар деп қарасам – жо-оқ, Бородаенкаға екі қойың бір сом. …

– Ей, балапан! – деп, Саня Бородаенко басын көтерді. – Сен үшін мен Александр Витальевичпін!

– Иә, – Панченко басын изеді, – қарап қоям, Александр Витальевичке екі қойың бір сом, тып-тыныш «сапёр» ойнап отыр, спиртте тіпті шаруасы жоқ. Сол кезде бір-ақ түсіндім! Ау, сілтеп алған Резвей ғой, – үсті-басы арыққа шомылып аунағандай батпақ, аузынан арақтың иісі аңқып тұр, онысымен қоймай, келіп алып ұлы айқайға салад…

– Өшіп қалшы, Панченко!, – деді Лидаш тістеніп. Панченко оған «бұларың қалай, сендер үшін тырысып жатырмын ғой, сендердің көңілдерің үшін!» дегендей таңырқап қарады, дегенмен үні өшті.

Лидаш мені асыл тастай көздерімен бұрғылап, жаймен ғана сұрады:

– Сережа, маған шоколад сатып алдың ба?

– Жоқ, Лида, кешір.

– Ештеңе етпейді, түскі асқа дейін аз уақыт қалды– деп күлімдеп қоя берді! Сайтан емей немене, а?

***

Асханада үстел басында қасқайып жалғыз отырдым. Аш қарынға ішілген бір қалбыр сыра осындай әсер беретінін кім білген?! Бір шөлмек арақ ішкенде де дәл бүйтіп аңқымайтын шығар! Бірақ ешкімге ешнәрсе деп ақталмадым.

Үнсіз борщымды сіміре отырып, (сырадан кейін араным ашылып кетсе керек!), көрші үстелдерге мұқият құлағымды түрдім.

Панченко қасындағыларға көзімен мені көрсетіп, таңертеңгі жағдайды баяндап отырғанын көз қырымен бақылап отырмын. Көркемдеу бөлімінің қыздары маған ауық-ауық қарап қойып, жырқ-жырқ күледі. «Кейбір адамдар болады ғой, сау болса бір сөз айта алмайды, ішіп алса, адамға балта алып жүгіретін! Чикатило да сондай болған», – деген сөздері құлағыма жетіп жатты. Түстіктен соң мені Степаныч шақырып алды. Ашудан қызарып кеткен ол маған жарты сағат бойы күркіреп қоя берді.

– Жұмысқа мас боп келу! Масқара, бұл төтенше жағдай ғой! Бөлімде айқай-шу шығарып, Панченкоға кейіпсің! Қайта қуан. Сені Үлкен бастық жоғары бағалайды. Оның орнында мен болсам ғой, жұмыс орныңдағы той-думаның үшін көттен бір теуіп, орныңнан қуып шығар едім. Тапсырыстардың мезгілінде орындалмайтыны сол екен ғой! Бөлімдеріңде не былығып жатқанын ит білсін! Программер ойын ойнап отырады, копирайтер сценарий жазудың орнына күні бойы аузы тамақтан босамайды екен, ал сен тура жұмыстың үстінде ақтан сіміріп жүр екенсің ғой? Былай болсын қысқасы, айлық жалақыңнан елу пайыз шегеріледі! Келесіде саған сабақ болады. Бүгін сені жұмыста көрмейтін болайын! Кет құры!

Мен кете бердім. Өзімдікіне көтеріліп, күртемді алып, құжаттарымды сақтап, компьютерді өшірдім. Сосын, бір жөтеліп бөлімнің назарын өзіме аударттым да былай дедім:

– Қыздар, жігіттер! Біздің бөлімде ашық-ауыз пайда болыпты. Панченко есімді кішкентай ғана тоқылдақ. Біле жүріңдер, мұнда болып жатқанның барлығын әлгі мыртық тышқан Степанычқа жеткізіп жүр.

Панченко мониторының артына тығылды. «Тоқылдақтың» айыбы, Резвейдің «айдаһарынан» әлдеқайда ауыр еді. Мен киіндім де, барлығымен дауыстап қош айтысып, есікке қарай бет алдым. Шығып бара жатып, ар жақтан Лидаштың қатулы үнін естіп ақлдым::

– Панченко, кешке дейін маркетингілік зерттеудің нәтижесін күтем. Үлгермесең – обалың өзіңе!

Мен жымидым. Степанычтың айыппұл салғанына қарамастан көңіл күйім керемет болды. Үйге! Лимонды шәй, бүлдірген вареньесі, бал салынған сүт, жылы суға шомылып, кешке дейін ұйқыға басу. Ал кешке… Кешке мен батылдық жинап Лидашты киноға шақырам. Кино ма? Ресторан ба? Ол маңызды емес, бастысы – бағымды сынап көру. Нар тәуекел – келіссе келісті, келіспесе, атасының аузы, – Лёхамен сыра ішіп қайтамын да көп болса.

***

Менің тәтті ойымды күзетші Жораның қатаң даусы бұзып жіберді:

– Резвей, екінші гәрі жаңағыдай бірдеңе айтсаң, мен сені буындырып өлтірем. Ұқтың ба? Сау болмағаныңа рахмет айт, арақтан алжасып, үрейіңді ұмытыпсың сен бала.

Жүрегімнің соғуы үдей түсті, терім бұрқ етті. Әнекей — салдары. Лайықты жауап бергім-ақ келді, алайда бұл жерде тым өжетті болу қауіпті, жұдырық жеп қалуың да мүмкін. Мүмкін? Тап осы сәтте, мен соққы жеуден мүлде қорықпайтынымды түсіндім. Керісінше, бұл мансапқой нақұрысты шегіне жекізгім келді. Маған жұдырығын ала жүгірсе екен. Сосын…Сосын жағдайға байланысты көре жатармыз.

– Неге мені мас деп шештің, Жорик? Бір қалбыр сырадан әлі ешкім масайған емес. Сен одан да маған мынаны айтшы, мен сені бір жерге сілтеп жібергенде мені қалай буындырмақсың? Ол үшін кір жайғыштың жібін қару қыласың ба? Әлде гитараның шегімен буындырасың ба? А, кешір, бұндай күрделі жолмен буындыруға сенің миың жетпейді ғой. Бәрінен бұрын, сен мені ең қарапайым жолмен буындыратын сияқтысың, яғни – өз қолыңмен. Менің мойнымды саусақтарыңмен қысқан кезіңде мен механикалық асфиксияға ұшырап, тіршілігімді тоқтатам. Солай ма?

– Ей, мен… мен сені өз қолыммен көміп тастаймын! – сасқан Жораның даусы қарлығып шықты. Бейнебір, ол емес, оның өзін біреу буындырып жатқандай .

– Түу, Жорик, анықтап алсаңшы, сонымен мені буындыратын болдың ба, көметін болдың ба?

Жорик үнсіз қабағын түйді. Қайтсін енді. Фирма қызметкерін соққыға жыққаны үшін ол жұмыстан қуылар еді. Оны мен енді түсіндім, ал Жорик мұны о бастан білетін еді. Оның бар қоқан лоқысы әншейін лепірме сөз болған. Кеңседен шыға бере, оның маған аларған көзін сезіндім. Ия, Жорамен кеңседен тыс жерде кездескім келмес еді.

Не десек те, бүгін менің дүниемен жаңа қарым-қатынасымды білдіретін қамалдың алғашқы кірпіші қаланды.

(Жалғасы мына жерде)

Туралы Gastarbaiter
andabratstvo@mail.ru

One Response to Кірпіштер 1.4 – Алғашқы кірпіш

  1. Pingback: Кірпіштің екіншісі « Көзімнің қарасы:)

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: