Киплинг термесі…(қазақ тілінде)

Редьярд Киплинг термеші?!

Негізі басқа тілдегі өлеңдерге аударма жазғанды жақсы көремін. Бірақ бұған дейін тап осындай масштабтағы, және осынау танымал әдеби шығарманы аударуға бел буған емеспін.

Редьярд Киплингті білмейтін адам кем де кем шығар, оның Рики-Тики Тави, Маугли сияқты шығарма кейіпкерлерінің атын атаған кезде есімізге еріксіз балалық шағымыз түседі.

Егер қазақ халқы өсиетке толы өлеңдерді «Терме» деп атайтын болса, онда Редьярд Киплингтің шығармашылығымен толық таныс болсаңыз, оның тек ақын- жазушы ғана емес, керемет термеші екенін де аңғаратыныңыз анық. Кейде «Редьярд Киплинг Қазақ даласында туылғанда, ешбір жыршы-жыраудан кем түспей, терме жазар еді» деп те қоямын…

Киплинг

ЕГЕРДЕ

Джозеф Редьярд Киплинг сияқты әлем әдебиетінің алыптарын аударуға дәтім барғаны үшін алдын ала кешірім сұрай отырып, сіздердің назарыңызға менің аудармамдағы қазақша нұсқасын ұсынғым келіп отыр. Қатты сөкпеңдер…

Егерде… (Р.Киплинг)

Егерде ақылыңнан айрылмасаң,

Ақылынан жұрт адасып, кінә артқанда,

Өз күшіңе сеніміңді жоғалтпасаң,

Ағайын саған сенбей мін артқанда,

Сарғаймасаң жалығып көп күтуден,

Сарғаюдан басқа амалың қалмағанда,

Алдансаң да аулақ болсаң өтіріктен,

Айналаңда өсекшілер жайлағанда,

Біреуді табалауға жол бермесең,

Әлдекімдер өзіңді жау санағанда,

Әсем бөз бен көсем сөзге көп ермесең,

Жамағат көз алартып қарағанда,

Армандасаң, арманыңның құлы болмай,

Ойлай білсең, ойлануды мақсат қылмай,

Жеңіліс пен қасіретте егілмесең,

Жеңіс пенен құдіретке есірмесең,

Өз аузыңнан шырылдап шыққан шындық,

Өз басыңа тигенде езілмесең,

Жан -тәніңді салып соққан сарайың да

Көз алдыңда егер болса жермен жексен,

Күдер үзіп, салынбай сары уайымға,

Қайта қайрап сайманыңды, еңбек етсең,

Олжа, табыс, бар жиған – тергеніңді,

Бәске тігіп, ұтылсаң қырсық шалып,

Бір сөз айтып бәлсінбей бергеніңді,

Білдірмесең, отырсаң да дымсыз қалып,


Тайса дағы білектен күш, қуат белден,

Жүрегің мен қайсарлығың болса өлмеген,

Шыдай білсең құлақ түріп ішіңдегі

Бір сабырдың бұйрығына «Шыда» деген,

Қалың тобыр алдында жекірмесең,

Семіздікті көтере алмай секірмесең,

Кесірткідей жорғалап, жағымпаз боп,

Патшалардың алдында көсілмесең.

Сүйсінер дос, күйінер қас қарекеті,

Болмаса бір басыңның бәлекеті,

Санасса да барша жұрт өзіңменен,

Санасудан қашпаса берекеті,

Толтыра алсаң бір минутын қимас сәттің,

Алпыс секунд алыс сапар жүгіріспен,

Онда балам әлемдегі барша заттың,

Иесі де, нағыз Ердің өзі де сен.

2009/09/26

(Аударған: АСҚАР Базарбай )



Published by Gastarbaiter

andabratstvo@mail.ru

4 thoughts on “Киплинг термесі…(қазақ тілінде)

  1. Кәсіби сыншы емеспін. Десе де өз ойым: Ырғақты сақтауға тырысқаның көрініп тұр. Бірақ кейбір жерде буындар тең емес қой деймін. Маған солай көрінді. Барынша қазақтың түсінігіне лайықтауға тырысыпсың! Нәзиралық үлгідегі аударма десе болар ма екен 🙂
    Әсіресе соңғы тұсы ұнады. Дауыстап оқығанда шарықтап барып, күрт төменге құйғытқан қыран тәрізді боласың. Оқып отырғанда Абайдың «Қайғы келсе, қарсы тұр құлай бермесі» еріксіз есіме оралды.
    Басқа да аудармаларыңды оқуға асықпын!

    Ұнады

  2. Киплингті аудару оңай емес. Бұған жүрегің дауалаған саған тек ризалығымды білдіремін, бауырым. Бұнымен тоқталып қалмассың деген сенімдемін! Осылай-осылай ысыла түсесің, құдай қаласа.

    Ұнады

Пікір қалдыру