17- ші сәуір. Астана-Алматы пойызының купесінде сенер-сенбесімді білмей, жалғыз егіл-тегіл жылап, білген құранымды оқып, үйге жеткенше өзіме өзім сыймай, отырмын.
Пойыздан Шуға түсіп, машинамен Шиеліге жеткенше тағы он сағат күмән мен күдік, өкініш пен қайғы.
Күні кеше телефоннан “Әскәлөк өзің қара енді, шаруаң бітетін болса бітіріп қайт” — деп айтқан ақылшы досым, асқар тауым, әкемнің дауысы әлі құлағымда. Алыс жолдан келгенде шарбақтан құшағыңды жайып, бауырыңа қыспайтын болғаның ба, жан папам?! Сергелдеңге түскенде бір ауыз сөз ақылыңмен бар түйінімді шешетін енді кім, көке!
Ақұдай-ау, мына жиылған жұрт неге жылайды. Шыныменен өлгенің бе тас қамалым, ақ папам? Өлсең денең қайда? Қайда әкем менің? Тағдырдың жазуы ма, 3-ші рет инфаркт алған жүректің қажуы ма 59-жасында тойға дайындалып жүрген арыстай әкем дүниеден озды.
Міне, жатырсың, мұп мұздай, тыныш ұйқыда жатқандай, жаның орнын тапқандай, бір қабақ қақсайш, құдай-ау. “Баламның тойына жетсем, арманым жоқ” дегенде ренжитін едік “айтпа олай” деп. Қуанышыңа бір апта қалғанда, ажал артыңнан қуып асықтырған екен ғой, папатайым-ай… Дәл сол сәтте, қасыңда бола алмадым-ау, жанталасып іздегеніңді елестетсем жүрегім ауырады, “Сиыр өлсе сойылар, әкең өлсе қойылар” деп әзілдеуші едің, айтқаның келіп, енді міне қара жерге көміп жатырмыз. Әлі де сенгім келмейді, әлі де қимаймын сені әке, ойсырап тұрған орныңды ешкім баса алмайды, сағындым әке өзіңді, мен үшін шалғайда жүргендейсің, телефоныңның нөмірін тергім кеп, қоңыр даусыңды естігім кеп тұрғанын-ай папашым. Бақилық болдың, амалым қанша, сен жүрген жер байланыс аясынан тыс жерде. Анашым бұрыш-бұрышта “Жоқ екенсің ғой, жаным-ау” -деп егіл тегіл, мамам сені көзі жұмылғанша іздейді енді, папа!
Әкемнің туыстары, жана ашыр достары көрісіп қайғыға ортақтасып жатыр, енді біреулер билік айтып, “үйт бүйт, енді былай, енді олай” деп білген ақыл -кеңес жаудырумен әлек.
Жиындарда уытты әзілі өзімен бірге жүретін әкем отырған жерін қыран топан күлкі қылып отырар еді.
Бір молда бірер құран оқып, “уақытым жоқ, басқа адамдар бар” деп соларға кетті. Екінші молда “бұл аудан менікі мені ауданның бас имамы тағайындады ” деп ісіне кірісіп кетті. Үшінші молда, “мен осы рудың молдасымын, әкең өзі әлгі молданы жақтырмайды, маған көзі тірісінде тапсырған, мен имамға пысқырмаймын!” деп, өкінішіне не керек бір-бірінің сыртынан ғайбат айтып жатыр. Астапыралла, жан қайғыда бұлардыкі не дейсің. “Семейный” молда, “Учасковый” молда деген де шыққан ба? Өлікке қызмет етуге итше тістесіп, таласқан дүмше молданың авария тілеген “козелдардан” не артықшылығы бар??
Амалымыз жоқ, үрдісіне еріп көне бердік. Оқылған құранның артығы жоқ. Дінді басты табыс көзі мен кәсіпке айналдырған адамның жүрегі таза болуы қиын ғой дегенмен. Қате айтсам, Құдай кешірсін, оларға да бір Алланың өзі би.
Бақұл бол, әке. Құдайым, әкеме қараса көр, біліп білмей жасаған күнәләрын кешіріп, алдын пейіш, артын кеніш қылып, топырағын торқа қыла көр!
Жаңа пікірлер