Кіріспе
Кіріспе
Бұрын жап-жас болса да топ-толық кісілерді көргенде жыным келетін, “неге өзін-өзі күтпейді екен? Неге аптасына бір рет болса да жүгіріп тұрмайды екен? Неге тамақты опыра береді? Сәл тәбетін тежесе болмай ма?” – дейтінмін.
Қазір сол радикализмді жастығымнан көремін. Әрине, дәл сол сияқты денесіне ет жинай алмай жүрген көк шандыр тырық жігіттер де көп. Менде жасым 23-ке келгенше сүйегі содырайған сіңірлі жігіт болдым. Біздің жарамыз жеңілдеу енді. Дегенмен, сымбатты жігіттен, боққарын майкөтенге айналудың жылдамдығы сол. Оны тіпті семіздіктің құрбаны байқамай да қалады. Және семіздікке өзіңді өзің тежейтін ерік күшінің әлсіздігі, немесе гормоналды ауытқу сияқты жалқаулықтан басқа да көп себептер болуы мүмкін ғой. Сондықтан көпке топырақ шашып күпір болмайын. Сонымен, сіз ерік күшіңізді жұдырығыңызға түйіп спортзалға келдіңіз.
Шынығу залына не үшін келеді?
Біреу семіздіктен,біреу арықтықтан барады. Мысалы, мен белім, мойным ауырған соң дәрігердің сілтеуімен барғанмын. Жалпы қандай себеп болса да, спортзалға кіргенде сені айдап келген себептің барлығын ұмытып, тірлікпен айналысуың қажет. Ал бір жеріңді зақымдап, темір көтеруге мәңгі тәбетің қашып кетпесін десең, шынығу жайлы бір кітап тауыспасаң да, азды кем ақпарат алып барғаның дұрыс. Немесе сол жерден білетін адамнан сұрап ал. Бірақ абайла. Жаңа келген “ақылгөйге” тап болып қалма. “Көкірек бұлшық етін отырып тұру арқылы өсіресің” – деп көлгірситін қыртыңбайлар да аз емес.




керемет